"Мемлекеттік тіл — бірліктің негізі”: қызылордалық полицей марапатталды
Қызылордалық полицей Виталий Соболев жоғары марапатқа ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Виталий Соболев Қазақстан халқының бірлігі күніне байланысты ұйымдастырылған "Мемлекеттік тіл — бірліктің негізі” атты республикалық іс-шараға белсенді қатысқаны үшін ҚР ішкі істер министрінің орынбасары А.Сайтбековтың алғыс хатымен марапатталды.
Сыр өңірінде халықтың қауіпсіздігі мен бостандығын қорғауды басты мақсат еткен полицей Виталий ұлты басқа болса да, жүрегі қазақ деп соғады. Ол қазақ жерін, қазақ халқының тыныштығын сақтауда от пен суға түсіп, кіндік қаны тамған Отанының алдында перзенттік парызын өтеп келеді.
- Мен және менің отбасы мүшелерім қазақ жерінде туып-өскен. Балаларым болашақта қазақ мектебінде білім алса екен деген тілегім де бар, - дейді Виталий.
Айта кетерлігі Сыр өңірінде халықтың қауіпсіздігі мен бостандығын қорғауды басты мақсат еткен Қызылорда облысының полиция департаментінде 10-нан астам өзге ұлт өкілі қызмет етеді.