ҚР Президентінің кеңесшісі Алматы облысындағы құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Алматы облысындағы құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл басқосу Ұлттық құрылтайдың IV отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Жиынға облыстағы барлық құқық қорғау құрылымдарының басшылары мен ведомстволық қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев баяндама жасап, полиция қызметінің негізгі басым бағыттарына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда есірткі қылмыстарын болдырмауға бағытталған профилактикалық жұмыстар, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары, сондай-ақ "Таза Қазақстан" экологиялық акциясының жүзеге асырылуы мен күнделікті қызметте "Заң және Тәртіп" қағидатын енгізу мәселелері сөз болды.
Өз баяндамасында өңірдің бас полицейі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің тек құқық бұзушылықтың алдын алу ғана емес, сонымен бірге халықпен тығыз қарым-қатынас орнату, қоғамдағы өзгерістерге дер кезінде үн қатып, ашықтық пен алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асыру екенін ерекше атап өтті.
– Бүгінде тек азаматтарды қорғап қана қоймай, жаңа құқықтық сана қалыптастыру маңызды. Біздің қызметкерлеріміз қоғаммен ашық диалог орнатуға, алдын алуға және профилактикаға баса мән беріп жұмыс істеуде, – деді Мейрам Әбікеев.
Өз сөзінде Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев мұндай кездесулердің институттар арасындағы байланыстарды нығайтып, жергілікті деңгейде өзара іс-қимылды арттыруға үлкен септігін тигізетінін баса айтты.
– "Заң және Тәртіп" – жай ұран емес, сенім мен әділдікке негізделген қуатты мемлекетті қалыптастырудың жолы. Бұл қағида әрбір өңірде, әрбір елді мекенде күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Бұл тек қызметтік тәртіп мәселесі емес, ұлттық менталитет пен қоғамдық мәдениеттің көрінісі. Сондықтан бұл құндылықтарды кеңінен насихаттап, нақты істер арқылы жүзеге асыру қажет. Сіздердің әр күніңіз – Әділетті Қазақстанды құру жолында қосып отырған өлшеусіз үлестеріңіз, – деді Мәлік Отарбаев.
Кездесу соңында Президент кеңесшісі өңірдің құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ел үшін атқарып отырған еңбектері үшін алғыс білдіріп, азаматтар мен құқық қорғау жүйесі арасындағы өзара сенімділікті одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.