Су тасқынының алдын алу: СҚО-да Ұлттық ұлан әскері бөгетті нығайтып жатыр
СҚО-да Ұлттық ұлан әскері бөгетті бекітіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданына қарасты Большая Малышка ауылы маңында Есіл өзенінің су деңгейінің көтерілуіне байланысты тұрғызылған бөгетке зақым келді.
Таңертеңнен бастап ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6637 әскери бөлімінің күштері апат салдарын жою жұмыстарына тартылды. 100-ден астам әскери қызметкер төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесе отырып, бөгетті бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Табиғи апаттың алдын алу үшін 500-ден астам инертті материал салынған қаптар дайындалды. Олар жайылған суды бөгеу үшін қолданылуда.
Айта кету керек, бұл учаскеде әскери қызметшілер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Ұландықтар жағдайдың өзгеруіне байланысты шұғыл әрекет етіп, елді мекен мен жергілікті тұрғындардың мүлкін қорғау шараларын қабылдауда.
Бөгетті бекіту жұмыстары жалғасуда.