Түркістан облысында полиция оқушылар арасында сурет салу байқауын өткізді
Түркістан облысында полиция оқушылар арасында сурет салу байқауын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Жасөспірім" іс-шарасы аясында Төлеби ауданындағы Бірінші мамыр жалпы орта мектебінің жоғары сынып оқушылары арасында "Полиция балалар көзімен!" тақырыбында сурет салу байқауы өтті. Шараның негізгі мақсаты – жас буынның көзқарасы арқылы тәртіп сақшыларына деген пікірін білу, олардың ел қорғаушыларына деген сенімін нығайта түсу еді.
Байқауға сурет салуға құштар 15 жасөспірім қатысып, өз туындыларында Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімдерін бейнеледі. Әрқайсысы өз қиялындағы полицей бейнесін түрлі-түсті бояулармен өрнектеп, жүрек жылуын қылқалам арқылы жеткізуге тырысты. Әр суреттен балалардың мейірімі мен тәртіп сақшыларына деген сенімі анық сезілді.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған жас суретшілер аудандық полиция бөлімінің "Алғыс хатымен" және естелік сыйлықтарымен марапатталды. Тәртіп сақшылары жас жеткіншектерге шығармашылық табыс тілеп, алдағы уақытта осындай игі бастамалардың жалғасын табатынын жеткізді.