Петропавлдағы су басқан аумақта 70-ке жуық полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етуде
Петропавлдағы су басқан аумақта 70-ке жуық полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері хабарлағандай, су тасқыны салдарынан оқшауланған Заречный шағынауданындағы жағдай тұрақты.
Жергілікті атқарушы органдар тұрғындарды уақытша орналастыру үшін орын дайындағанымен, көпшілігі аралға айналған елді мекенде қалуды жөн көрді. 28 сәуір кешкісіне дейін тұрғын үйлер мен мекемелердің су астында қалу фактілері тіркелген жоқ.
Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін шағынауданда екі қызметтік автокөлігімен 30 полиция қызметкері тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Сондай-ақ әскери қызметшілер, құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық қызметтердің өкілдері жұмылдырылды. Барлығы кез келген уақытта халыққа көмек көрсетуге және қалдырылған мүлікті қорғауға дайын.
Бұдан бөлек, су басу қаупі бар аумақтың айналасындағы бекеттерде тағы 40 полиция қызметкері кезекшілік етуде. Екі полиция қайығы да іске тартылған. Жағдай толық бақылауда.