Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті

Шымкентте Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қалалық полиция департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін тәртіп сақшылары бұл қос мерекені ерекше құрметпен қарсы алды.

Мерекелік іс-шара жас қызметкерлердің ант беру рәсімімен басталды. Ішкі істер органдарының сапына жаңадан қосылған 21 жас маман Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, заң мен тәртіпті бұлжытпай орындауға ант берді. Бұл – олардың ел алдындағы жауапкершілігін сезініп, абыройлы міндетке қадам басқан сәті болды.

Жиын барысында қатысушыларды Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков құттықтап, Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы екенін атап өтті. Ол жеке құрамды қос мерекемен құттықтап, қызмет барысында адалдықты, заңдылықты сақтауды, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында аянбай еңбек етуді тілге тиек етті.

Мерекелік шара аясында қызметтік міндетін мінсіз атқарып, ерекше көзге түскен 100-ден астам полиция қызметкері Ішкі істер министрлігінің және департамент басшылығының алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен марапатталды.

Салтанатты жиын патриоттық рухты көтеретін концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға дала жағдайында әзірленетін дәстүрлі әскери ботқа ұсынылды. Бұл тағам – майдангерлердің ерлігіне тағзымның, сондай-ақ бейбіт күнде ел тыныштығын күзеткен бүгінгі сақшылардың еңбегіне деген құрметтің белгісіне айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру