Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция Жеңістің 80 жылдығын атап өтті

Алматы полициясы Жеңістің 80 жылдығын атап өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қалалық полиция департаментінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Шараға департамент басшылығы, жеке құрам, ішкі істер органдарының ардагерлері мен "Жас Сақшы" полиция сыныптарының оқушылары қатысты. Бұл – тек мерейтойлық күн ғана
емес, тарих пен тағылымның, ерлік пен елдікке тағзым етудің жарқын көрінісі болды.

Салтанатты жиында жанқиярлық еңбегімен, жоғары кәсіби шеберлігімен және қызметтік міндетіне адалдығымен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер Ішкі істер министрі мен Алматы қалалық полиция департаменті бастығының атынан алғыс хаттар және марапаттармен марапатталды.

– Бұл – ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын, жүректерге патриоттық рух ұялататын ерекше мереке. Біз Отанымыздың азаттығы мен тәуелсіздігі жолында жанын қиған жауынгерлердің ерлігін мәңгі есте сақтаймыз. Сондай-ақ бүгінгі күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың тыныштығын күзетіп жүрген әріптестерімізге де алғысымыз шексіз. Отбасыларыңызға амандық, береке мен жарқын болашақ тілеймін, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Шара шеңберінде ПД ансамблі мен оның талантты қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарлама көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Соғыс жылдарының жауынгерлік рухты әндері шырқалып, ел мен жерге деген адалдықты арқау еткен сахналық қойылымдар қойылды.

Сонымен қатар биыл 101 жасқа толатын Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар Сәрсен туралы бейнеролик көрсетілімі жиналған жұртты тебірентті. Соғыстан кейін ішкі істер саласында еңбек жолын жалғастырған Қамбар қария – бүгінгі жас буын үшін ерлік пен адал қызметтің жарқын үлгісі.

Салтанатты жиын – отансүйгіштікке баулитын, тарихқа тағзым ететін, ел қорғаған ерлерге құрмет көрсететін тағылымды тәрбие сағатына айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру