Қарағанды облысында полицейлер ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды
Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай облыстық полиция департаментінде қызметтік парызын өтеу барысында ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларын еске алуға арналған тағылымды шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Департамент басшылығы, Ардагерлер кеңесі және жеке құрам департамент ауласындағы мемориалға гүл шоқтарын қойып, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау жолында жанын қиған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Осыдан кейін аспанға үш мәрте оқ атылып, марқұмдардың рухына тағзым жасалды.
Тәуелсіздік жылдарында өңірде ішкі істер органдарында қызметтік міндетін адал атқарып жүріп, 86 тәртіп сақшысы қаза тапты, оның 16-сы қылмыскерлермен бетпе-бет шайқаста ерлікпен көз жұмған.
- Бейбіт күнде өмірін қиған қызметкерлердің ерлігі мен еңбегі – біз үшін мәңгілік үлгі. Олар өз антына адал болып, ел тыныштығы үшін күресті. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, оны ұрпақ санасына сіңіру – біздің азаматтық борышымыз, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.
Полиция департаментінде марқұм қызметкерлердің есімін ұлықтауға арналған түрлі шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Соның бірі – білім беру мекемелеріндегі "Жас сақшы" сыныптары мен алғашқы әскери дайындық кабинеттеріне олардың есімін беру арқылы жас ұрпаққа үлгі ету.
– Жастарды отансүйгіштікке баулу – басты мақсаттардың бірі. Осы бағытта тәрбие және кадр саясаты басқармасы ауқымды жұмыстар атқаруда. Бүгінде облыста 16 мектепте қаза тапқан қызметкерлердің есімдері берілген арнайы кабинеттер ашылды. Бұл – жас буынға өткеннің ерлікке толы өнегесін насихаттауға, олардың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам, – деді басқарма бастығының орынбасары Ғабит Ділмағамбетов.