Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында мас күйде пойызға зақым келтірген азамат жауапқа тартылды

Ақмола облысының тұрғыны мас күйінде поездың тоқтау-кранын жұлып алып, апатты тоқтауына себеп болды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері теміржол көлігі объектілерінде қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуде.

2025 жылдың 4 айында жолаушылар пойыздарында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарды түсіріп алудың 273 фактісі тіркелді. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін 254 факт, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 11 факт, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 8 факт.

Мәселен, өткен демалыс күндері Атбасар — Нұрлы-Жол бағыты бойынша келе жатқан электр пойызында 43 жастағы ер адамның мас күйінде тоқтату-кранын тартып жұлып алуы, жылжымалы құрамның апатты тоқтауына әкеп соқты.

Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің бірден екі бабы бойынша, яғни алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орынға масаң күйінде келгені, теміржол көлігін пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Көлік полицейлері жолаушылардың пойыздар мен вокзалдарда қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігіне баса назар аударады. Барлық құқық бұзушылықтар тіркеліп, заңмен көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру