Заң жолындағы табандылық: Жас тергеуші Жұлдыз Исамбергенованың кәсіби жолы
Әр мамандықтың өзіне тән жауапкершілігі мен күрделілігі бар. Солардың ішінде ерекше тиянақтылық пен табандылықты талап ететін сала – тергеу қызметі. Бұл бағытта әрбір іс мұқият зерттеліп, заң талаптарына сай әділ шешім қабылдануы тиіс. Тергеушінің кәсібилігі – Заң үстемдігін қамтамасыз етудің басты көрсеткіші. Болашағынан үміт күттіретін жас тергеуші туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Жұлдыз Исамбергенова – Атырау қаласы полиция басқармасының тергеушісі, полиция аға лейтенанты. Ол 2019 жылы ҚР ІІМ Б.Бисенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп, 2023 жылы үздік тәмамдады. Дәл сол жылы тергеу саласындағы кәсіби жолын бастап, алғашқы күннен-ақ өзін жауапкершілігі жоғары, талапшыл әрі тәртіпті маман ретінде көрсетті.
Бүгінге дейін Жұлдыз 110-ға жуық қылмыстық істі сотқа жолдап, нақты нәтижелерге қол жеткізді.
— Полиция қызметін таңдауыма бала күнгі арманым себеп болды. Әділеттілік пен тәртіпке адал болу – мен үшін өмірлік ұстаным, – дейді жас тергеуші.
2024 жылы Қызылорда облысына іссапармен барып, 33 эпизодтан тұратын күрделі қылмыстық істі қысқа мерзімде саралап, сот санкциясын алуына қол жеткізді. Бұл оның кәсіби шеберлігін айқындап, тәжірибе қоржынын толықтырды.
— Қысқа уақыт ішінде ауқымды істі саралау – үлкен жауапкершілік. Бұл мен үшін ерекше тәжірибе болды, – дейді ол.
Қызметтен тыс уақытта Жұлдыз өзін-өзі дамытуға мән береді. Уақытты тиімді басқару, кәсіби тәртіпті сақтау, заңнамалық білімін жетілдіру – оның басты ұстанымдары.
— Жас мамандарға айтарым – қорықпау, үнемі ізденіп, дамуға ұмтылу. Заманауи тергеуші жан-жақты дамыған, адами құндылықтарды бойына сіңірген тұлға болуы тиіс, – дейді Жұлдыз.
Бос уақытында таза ауада серуендеуді, велосипед тебуді және садақ ату секілді хоббилермен айналысуды ұнататын ол: "ішкі тепе-теңдікті сақтау – кәсіби табыстың кепілі", – деп түйіндеді.