Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да спорт саласынан жоғары нәтиже көрсеткен полицейлер марапатталды

СҚО-да спорт саласынан жоғары нәтиже көрсеткен полицейлер марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері халыққа қызмет ету тек кәсібилікті ғана емес, мықты рухты да талап ететіндігін кезекті рет дәлелдеді. Полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов республикалық және облыстық деңгейде жоғары спорттық нәтижелер көрсеткен тәртіп сақшыларын марапаттады.

Сәуір айында Өскемен қаласында ҚР Ішкі істер министрінің Кубогына арналған алғашқы хоккей турнирі өтті. Бұл жарыста СҚО полиция департаментінің құрама командасы екінші орынды иеленді. Хоккей — күш пен төзімділікті қажет ететін ойын. Осындай мәртебелі турнирдің күміс жүлдегері атану – жеңіске деген жігер мен бірліктің айғағы. Команданың капитаны әрі қақпашысы, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин әріптестерімен бірге департамент бастығының құттықтауын қабылдады.

Сондай-ақ боз кілемде өнер көрсеткен погондағы екі палуан да марапатталды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қарағанды қаласында өткен “Сарыарқа батырлары” Азия Кубогында полиция капитаны Батырхан Қайырбек екінші орынды иеленді. Ал Петропавл қаласында ұйымдастырылған “Қызылжар Барысы” облыстық турнирінде полиция аға лейтенанты Әділ Қайыров екінші орынға қол жеткізді. Екі спортшы да департаменттің оқу-жаттығу взводында қызмет етеді.

— Бұл жеңістер – күш пен шыдамдылықтың және қайсар мінезді қызметкерлеріміздің еңбегінің нәтижесі. Әрбір жетістіктің артында ұзақ дайындық пен ішкі тәртіп жатыр, – деп атап өтті Айдын Қабдұлдинов.

Басшылық спортшыларды құттықтап, оларға жаңа табыстар тіледі. Дене шынықтыру даярлығы және моральдық тұрғыда шынығу, спорттық төзімділік пен жеңіске деген ұмтылыс — бұл тек спорт алаңында ғана емес, күнделікті қызметте де маңызды. Мұны солтүстікқазақстандық полицейлер әрдайым дәлелдеп келеді: “өзіңді формада ұстау” дегеніміз – тек сыртқы келбет емес, бұл – Отан мен халыққа адал қызмет етуге ішкі дайындық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру