Астанада велосипед ұрлығына күдікті азамат ұсталды
Астанада велосипед ұрлығына күдікті азамат ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 26 жастағы, бұрын бірнеше рет сотталған азаматты ұстады. Ол кәмелетке толмағандардың велосипедтерін ұрлады деген күдікке ілінді. Құқық бұзушылықтар қаланың бірнеше ауданында тіркелген.
Жәбірленушілердің айтуынша, белгісіз адам көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерінде және аулаларында қараусыз қалған балалар мен жасөспірімдердің велосипедтерін ұрлап отырған. Тергеу барысында күдіктінің осындай 8 ұрлық эпизодына қатысы бары дәлелденді.
Белгілі болғандай, ол бұған дейін де ұрлық және мүлікке қарсы өзге де құқық бұзушылықтар үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл жолы ол бейнебақылау камераларының көмегімен анықталды. Жазбаларда оның велосипедтерді иемденіп жатқан сәттері анық көрінеді.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция тұрғындарды сақ болуға, жеке мүліктерін қараусыз қалдырмауға шақырады. Велосипедтер мен өзге де бағалы заттарды ашық жерде, бекітусіз қалдыру — қылмыскерлерге мүмкіндік тудырады. Кез келген күдікті жағдай байқалған жағдайда бірден "102" нөміріне хабарласу ұсынылады.