Қызылордада шағын футболдан ІІМ кубогына арналған турнир өз мәресіне жетті
Қызылордада шағын футболдан ІІМ кубогына арналған турнир өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының құқық қорғау, арнайы органдары мен күштік құрылымдары қызметкерлері арасында Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің кубогына арналған шағын футболдан турнир өз мәресіне жетті.
16-18 мамыр аралығында өткен республикалық деңгейдегі байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірінен барған құқық қорғау, арнайы органдары мен күштік құрылымдарының қызметкерлері бақ сынасып, мықтылар анықталды. Турнирге қатысқан 11 команда бір-бірінен шеберліктері арқылы асып-түсіп, жеңіске жету үшін барын салды.
Екі күнге созылған сайыс өте қызу, тартысты өтті. Алайда шеберлігі асқан, айласы мен күші басым деген командалар жеңіске жетті. Тартысты өткен трунирде ең мықты дайындалған 3 команда жүлдеге қол жеткізді.
11 команда қатысқан спорттық бәсекенің нәтижесінде 1-орынды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрама командасы қанжығасына байлады. Жүлделі 2-орынды Ішкі істер министрлігінің құрама командасы иеленсе, 3-орын Корғаныс министрлігінің құрама командасына бұйырды.
Жекелеген аталымдар бойынша да үздіктер анықталды. Үздік шабуылшы - қорғаныс министрлігінің құрама командасының ойыншысы Ернар Қаденов, үздік қорғаушы – мамандырылған күзет қызметінің құрама командасының ойншысы Бақыт Садықбеков, үздік қақпашы болып ішкі істер министрлігінің құрама командасының ойыншысы Саттархан Ерсінбетов танылды.
Жарыс өзара сыйластық пен әділ бәсекеге негізделіп, қатысушыларға және көрермендерге жағымды көңіл-күй мен жарқын әсер сыйлады.
Турнирдің жабылу салтанатында сөз алған Қызылорда облысының бас полицейі Серік Ергешов жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, барлық қатысушыға алғысын білдірді.
Сыр өңірінде ұйымдастырылған дода тартысты өтті. Керемет ойын өрнегін көрсеткен жеңімпаздар арнайы дайындалған медальдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.