”Сен жалғыз емессің”: Алматы облысында әйелдерді қолдау мақсатында бейнеролик түсірілді
Қарасай ауданы полиция басқармасының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге қолдау көрсету тақырыбына арналған әлеуметтік бейнеролик дайындады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бейнероликтің негізгі идеясы – “Сен жалғыз емессің” үндеуі. Бұл туынды – қорқыныш пен үмітсіздікке тап болған әрбір әйел адам көмек қолын созуға дайын жандар бар екенін білуі үшін жасалған. Полиция қызметкерлері мен білікті психолог мамандары күн сайын күрделі, әрі маңызды істі атқаруда.
– Біз әйелдердің түрлі мәселелер жайлы ашық айтуға қорықпаса екен дейміз. Оларға түсіністікпен, жанашырлықпен, құрметпен қарайтынымызды білсе дейміз. Біз қолдау көрсетіп, қорғап, жан тыныштығын қалпына келтіруге, өмірдің жаңа парағын ашуға көмектесуге дайынбыз, – деп атап өтті бөлім қызметкерлері.
Бейнеролик авторлары әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұрғанын ескертеді. Сондықтан бейжай қарамау аса маңызды. Қолдау мен көмек жақын жерде. Заң және оны қорғайтын азаматтар да айналаңызда.
Полиция қызметкерлері ескертеді: егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса – үнсіз қалмаңыз. Полицияға немесе қолдау қызметіне жүгініңіз. Кейде бір ғана қоңырау – өмірді құтқарып қалуы мүмкін.