Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында түнгі тыныштықты бұзған заңсыз әрекетке тосқауыл қойылды

Абай облысында түнгі тыныштықты бұзған заңсыз әрекетке тосқауыл қойылды, -деп хабарлайды Polisia.kz.

Таңсәріде Семей қаласының көшелерінде полиция қызметкерлері көлік құралын заңсыз иемденіп, мас күйінде тізгіндеген азаматты құрықтады.

Жол қозғалысына қауіп төндірген көлік жүргізушісі патрульдік полицияның тоқтау туралы бірнеше заңды талабына бағынбай, жасырынуға тырысқан. Алайда бірнеше патрульдік экипаждың үйлесімді әрекеті мен Оперативтік басқару орталығының бейнебақылау арқылы нақты уақыт режимінде жүргізген бақылауының арқасында күдікті көп ұзамай қолға түсті.

Тексеру нәтижесінде 30 жастағы Семей қаласының тұрғыны мас күйінде көлік басқарғаны және аталған автокөлікті тұрғын үй ауласынан заңсыз айдап кеткені анықталды. Көлік иесінің алдын ала берген бағасына сәйкес, келтірілген материалдық залал 1,2 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар бұл азаматтың 2024 жылы дәл осындай құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бостандығын шектеу жазасын алғаны белгілі болды. Қайталанған әрекет, мас күйде көлік басқару және полицияның талабына бағынбау сынды ауырлататын мән-жайлар ескеріліп, оған 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Абай облысының полиция департаменті азаматтарды көлік жүргізу кезінде заң талаптарын сақтауға, әсіресе мас күйде көлік тізгіндеудің ауыр салдарын естен шығармауға шақырады. Бұл — тек жеке қауіпсіздікке емес, қоғамдық тәртіп пен өзге адамдардың өміріне де төнетін зор қатер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру