Сенат депутаттары Ұлттық ұланның әскери бөліміне жұмыс сапарымен барды
Сенат депутаттары Ұлттық ұланның әскери бөліміне жұмыс сапарымен барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Алишер Сатвалдиев ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөліміне жұмыс сапарымен барды. Іссапардың негізгі мақсаты – өңірлік әскери құрылымның күнделікті тыныс-тіршілігімен, қызметтік ерекшеліктерімен және даму әлеуетімен жан-жақты танысу.
Депутаттарды бөлім командирі Марат Рахпанов қарсы алып, әскери бөлімнің қызметтік-жауынгерлік міндеттері, жеке құрамның жауынгерлік даярлығы, материалдық-техникалық жабдықталуы және алдағы даму жоспарлары жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Сапар барысында қонақтар бөлімнің ұйымдық-штаттық құрылымымен, арнайы бөлімшелердің киім үлгілерімен, қару-жарақ пен техникалық құралдардың түрлерімен танысты. Материалдық-техникалық база мен сарбаздардың тұрмыстық жағдайы да басты назарда болды. Депутаттар әскери бөлімнің асханасына барып, мерзімді қызмет атқарып жүрген сарбаздардың тамақтану жағдайына баға берді.
Меймандар сондай-ақ бөлім ішіндегі Жауынгерлік Даңқ бөлмесіне ат басын бұрып, жедел бригаданың тарихымен танысты. Құрметті қонақтар арнайы естелік кітапқа жүрекжарды лебіздерін қалдырды.
Кездесу қорытындысында халық қалаулылары әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігін нығайту бағытында материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін шешуге қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.