Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұландық сарбаздың шеру кезінде жасаған әрекеті жұртты сүйсінтті

TikTok пен Instagram желілерінде кеңінен тараған видеода сарбаздың кішкентай баланың бас киімін дұрыстап, әскери сәлемді қалай дұрыс беру керектігін үйреткен сәті бейнеленген. Бейнежазба жүз мыңнан астам қаралым жинап, әлеуметтік желі қолданушыларының жүрегін елжіретті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Видеодағы басты кейіпкер — 24 жастағы Әлішер Жәукешев. Ол — Астана қаласында орналасқан 5573 әскери бөлімінің атқыш-сарбазы. Ақтөбе қаласының тумасы қазіргі таңда ҚР ІІМ Ұлттық ұланы қатарында қызмет атқаруда.

Бұл әсерлі оқиға Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шеру кезінде болды. Сарбаз Жәукешев сап түзеп тұрған сәтте жанына кішкентай бала келіп, әскери сәлем бермек болған. Алайда ол мұны сол қолымен және бас киімсіз орындаған. Баланың әпкесі дереу оған бас киім кигізеді. Ал бұл сәтте ұландық немқұрайлы қарамай, баланың бас киімін дұрыстап, әскери сәлемді оң қолмен қалай дұрыс беру керектігін көрсетті.

Әскери қызметшінің бұл қылығы көпшіліктің назарынан тыс қалған жоқ. Желі қолданушылары сарбаздың сабырлылығына, елгезектігіне және мейірімділігіне тәнті болып, оның әрекетін нағыз ұландыққа тән деп бағалап жатыр.

Әлішердің өзі тосыннан келген танымалдылыққа байыппен қарайды:

— Әскери борышты өтеу мен Отанға қызмет ету ешқашан кеш емес. Егер менің әрекетім біреудің жанын жадыратып, мақтаныш сезімін тудырса, мен үшін бұл — үлкен мәртебе, - дейді ол.

Ол өзіне патрульдік қызметтің ерекше ұнағанын жасырмайды. Қызмет барысында елордаға деген сүйіспеншілігі одан сайын арта түскен.

— Елордаға екінші рет ғашық болдым. Қаланың көшелерін күзетіп, адамдарға көмек көрсету — менің қоғамға пайдамды тигізуге мүмкіндік берді. Бұл — нағыз мақтаныш сезімі, — дейді Әлішер.

Әлішер Жәукешевтің оқиғасы — әскердегі қызмет тек тәртіп пен міндет қана емес, адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет пен Отанға деген шынайы сүйіспеншілік екенін дәлелдейтін жарқын мысал.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру