Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында полицейлер оқушыларға жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын үйретті

Жамбыл облысында полицейлер оқушыларға жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын үйретті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері балалар арасында жолда және аулада қауіпсіз жүріп-тұру мәдениетін қалыптастыру мақсатында түрлі профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруда. Бұл акциялар жол қозғалысы ережелерін сақтау жайында білім беруді көздейді және олардың бір ерекшелігі — мектеп оқушыларының, яғни жас жол инспекторларының белсенді қатысуы.

Оқушылар полицейлермен бірге көлік қозғалысы жиі жүретін жол қиылыстарында және мектеп маңындағы аймақтарда профилактикалық рейдтерге шығып, жол қозғалысына қатысушыларға ережелерді қатаң сақтау қажеттігін ескертіп жүр. Сонымен қатар, көлік жүргізушілеріне арнайы жадынамалар таратылады. Онда білім беру мекемелері маңында жылдамдықты азайту, жаяу жүргіншілерге жол беру, қауіпсіз арақашықтық сақтау секілді маңызды талаптар көрсетілген.

Бұл шара барысында ерекше назар — көліктегі қауіпсіздік белдіктерін қолдану және балаларды арнайы ұстағыш құрылғылармен тасымалдау мәселесіне аударылуда. Жас инспекторлар жүргізуші ата-аналарға балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік ережелерін елемеуге болмайтынын қатаң ескертіп отыр.

Оқушыларды осы жұмыстарға тарту — жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге маңызды ақпаратты жеткізудің тиімді тәсілі ғана емес, сонымен қатар балалардың өздерінде жолда жүру мәдениеті мен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шаралар аясында "Қауіпсіз аула" жобасы да жүзеге асырылуда. Бұл жоба балалар алаңдарының жағдайына, олардың қоршалуы мен жарықтандырылуына, сондай-ақ тұрғын үйлер мен мектептердің жанындағы жол белгілерінің орнатылуына ерекше назар аударады.

Аула тұрғындарымен, балалармен және ата-аналармен өткізілетін алдын алу бағытындағы кездесулер өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай кездесулерде полицейлер қараусыз қалған немесе аяқталмаған ғимараттардың қауіптілігі, балаларды қараусыз қалдырудың салдары жайында да түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру