Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қауіпсіз жол: Алматыда мопед жүргізушілеріне бақылау күшейтілді

Алматыда мопед жүргізушілеріне бақылау күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі басталып, мопед жүргізушілері арасындағы жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтауға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Аталған шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Биылғы 5 сәуірден бастап мопедтерді пайдалануға қатысты жаңа ережелер күшіне енді. Жаңашылдыққа сәйкес, мопед жүргізушілерінен "А" санатындағы жүргізуші куәлігі, көлік құралын мемлекеттік тіркеуден өткізу, сақтандыру полисі мен мемлекеттік нөмір болуы талап етіледі.

Осы талаптар енгізілгелі бері қалада 4 мыңға жуық мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 1,5 мыңға жуық мопед арнайы айыппұл тұрағына қойылған. Бұл көліктердің ішінде жүргізуші куәлігі мен мемлекеттік нөмірсіз басқарылған, қауіпсіздік талаптарын елемегендер де бар.

- Біз "Қауіпсіз жол" іс-шарасының екінші кезеңі аясында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудеміз. Негізгі назар – мопед жүргізушілеріне бағытталған, себебі бұл санаттағы азаматтар қарапайым қауіпсіздік ережелерін жиі елемейді. Бұзушылықтар патрульдік қызмет, стационарлық бекеттер және бейнебақылау жүйелері арқылы тіркеледі. Біздің ұстанымымыз – заң бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік. "Заң мен Тәртіп" – жай ұран емес, әрбір азамат орындауға міндетті қағида, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру