Қостанайда бірнеше велосипед ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды
Қостанайда бірнеше велосипед ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласының полиция қызметкерлері бірқатар велосипед ұрлығының бетін ашты. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 25 жастағы ер адам 12 ұрлық фактісіне қатысы бар деген күдікпен қолға түсті.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті арнайы құрал — тістеуіктің көмегімен велосипедтердің құлыптарын кесіп, кейін ұрланған көлікпен оқиға орнынан ізін суытып отырған. Ол қолды болған велосипедтерді кейін пайда табу мақсатында сатқан.
Қазіргі таңда күдікті ұсталып, соттың санкциясымен үй қамаққа алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оған қатысты осындай өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция тұрғындарды жеке мүлкін сақтау мәселесіне байыппен қарауға шақырады. Велосипедтерді міндетті түрде құлыптап, қараусыз қалдырмау, мүмкіндігінше бейнебақылау орнатылған жабық аумақтарда сақтау ұсынылады. Қырағылық — ұрлықтың алдын алудың ең тиімді жолы.