Павлодарда полиция тұрғындарға музыкалық тосынсый жасады
Павлодарда полиция тұрғындарға музыкалық тосынсый жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ertis Promenade — Павлодар қаласындағы Ертіс өзенінің жағасында орналасқан әйгілі мәдени демалыс орны. Бұл сахналық алаң тек серуендеуге арналған аумақ қана емес, сонымен қатар талантты өнерпаздардың басын қосатын шығармашылық кеңістікке айналған.
1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мұнда ерекше шара өтті. Полиция қызметкерлері павлодарлықтарға арнап музыкалық кеш ұйымдастырып, сахна төрінде өз өнерлерін паш етті. Көпшілікке таныс әндер, жанды дауыстағы орындаулар мен жылы эмоцияға толы кеш көрермендердің жүрегінен орын алды. Балалардың шат күлкісі мен ата-аналардың қошеметі жағалауды ерекше көңіл күйге бөлеп, бейбіт кештің атмосферасын одан сайын жандандыра түсті.
– Музыка – мен үшін жан дүниемнің бір бөлігі. Біз тек құқықтық тәртіпті күзетіп қана қоймай, халыққа қуаныш сыйлауға да тырысамыз, – деді ювеналды полиция инспекторы Махаббат Токпанова.
Іс-шара барысында павлодарлық музыканттар да өнер көрсетіп, Ертіс жағалауында шын мәнінде мерекелік рух орнады. Кеш соңында тұрғындар тәртіп сақшыларына көтеріңкі көңіл-күй мен әдемі кеш үшін ризашылықтарын білдіріп, ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті.