Қарағандыда ІІО-да қызмет еткен әулеттер салтанатты түрде марапатталды
Қарағанды облыстық полиция департаментінде бірнеше ұрпақ бойы ішкі істер органдарында қызмет етіп келе жатқан династиялық әулеттерге арналған салтанатты шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға зейнеткерлікке шыққан ардагер полицейлер мен олардың отбасы мүшелері арнайы шақырылып, департаменттің тарихынан сыр шертетін музеймен танысты. Олар сондай-ақ жас қызметкерлермен жүздесіп, тәжірибе алмасты.
Кездесу барысында құқық қорғау саласында абыройлы еңбек еткен Еріков, Адамбеков, Балтабеков әулеттерінің өкілдеріне ерекше құрмет көрсетілді. Бүгінде бұл әулеттердің өкілдері аталары мен әкелерінің жолын жалғастырып, полиция қатарында қызмет атқаруда.
Жас тәртіп сақшылары ардагерлерге алғысын білдіріп, олардың қызмет жолынан тағылым алып, кәсіби бағыт-бағдар алды. Өз кезегінде ардагерлер де ішкі істер саласындағы қызметтің жауапкершілігі мен маңыздылығы жайлы ой бөлісіп, жас мамандарға ақ тілектерін арнады.
— Ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін осындай шаралар — полиция қызметінің үздік дәстүрлерін сақтауға және қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Династиялық дәстүр – елге адал қызмет етудің жарқын символы, — деді іс-шарада сөз сөйлеген департамент бастығының орынбасары Дәурен Ибраев.
Шара соңында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, департаменттің қоғамдық өміріне белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табысталды.