Киберқылмыстың алдын алу: Талдықорғанда коммуналдық базарда профилактикалық акция өтті
Талдықорғанда коммуналдық базарда профилактикалық акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Демалыс күндері Талдықорған қалалық полиция басқармасы мен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қаладағы ең қарбалас орындардың бірі — коммуналдық базарда профилактикалық шара ұйымдастырды. Аталған орын мен уақыт кездейсоқ таңдалмаған — демалыс күндері базарға келушілердің қарасы көп.
Іс-шараның басты мақсаты — тұрғындарға интернет-алаяқтықтың заманауи тәсілдері мен олардан қорғану жолдары туралы ақпарат беру. Полицейлер цифрлық технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллект пен нейрожелілердің дамуына тоқталып, жалған ақпарат пен шынайы мәліметті ажыратудың күрделене түскенін атап өтті.
Азаматтарға нақты қауіп төндіретін белгілер мен онлайн қауіпсіздік ережелері бойынша пайдалы кеңестер ұсынылды. Алаяқтардан сақтану жолдары, сенімді дереккөздерді ғана қолдану, күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді бөтен адамдарға бермеу сияқты негізгі ережелер түсіндірілді.
Сонымен қатар қатысушыларға киберқауіпсіздік бойынша кеңейтілген ақпаратты қамтитын QR-кодпен жабдықталған арнайы нұсқаулықтар таратылды.
Мұндай ақпараттық-алдын алу шаралары алдағы уақытта қаладағы өзге де қоғамдық орындарда жалғасады. Себебі азаматтарды киберқылмыстың түрлі түрлерінен қорғау — үздіксіз жүргізілуі тиіс маңызды жұмыс.