Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Балаларымыздың өмірі үшін алғыс айтамыз": ата-аналар полицей-қаһармандарға ризашылығын жеткізді

Павлодарда ата-аналар полицей-қаһармандарға ризашылығын жеткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейдің қызметі – тек тәртіпті сақтау емес, қажет болғанда өз өмірін қатерге тігіп, өзгелердің тағдырын арашалап қалу. Мұндай ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен тәртіп сақшылары – қоғам алдындағы адалдық пен кәсібиліктің шынайы бейнесі.

Павлодар облыстық полиция департаментінде қызмет бабында ерекше көзге түскен полицейлер мен олар құтқарған балалар және ата-аналарымен кездесу өтті. Бұл – шынайы алғыс пен құрметке толы жүздесу.

2022 жылдың күзінде 12 жастағы Аспандияр мен 11 жастағы Қуаныш Ертіс өзенінің жағалауында серуендеп жүргенде, Қуаныш суға құлап кетеді. Оны құтқармақ болған Аспандияр да артынан суға түсіп, екеуі де қатерлі жағдайға тап болады. Сол сәтте демалыста жүрген полиция инспекторы Азамат Саянов балалардың жан дауысын естіп, дереу көмекке ұмтылады. Оның батыл әрі жедел әрекетінің арқасында балалар ажал аузынан аман қалады.

2023 жылы Қуаныш Жаябаев ауылды патрульдеу кезінде тұрғын үй арасынан шыққан түтінді байқап, бірден оқиға орнына жеткен. Үй ішінен 14 жастағы жасөспірімді аман алып шығып, қайтып кіріп, үйде қалғандар мен газ баллонының бар-жоғын тексерген. Оның жедел әрекеті жасөспірімнің өмірін сақтап қалды.

 

2024 жылғы көктемде Аққулы ауданында аға учаскелік инспектор Елдос Койкен мас күйде суға батып бара жатқан әйелді құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлерге тапсырған.

Осындай оқиғалардың арқасында бүгінде қаншама адам өмірін жалғастырып, отбасымен қауышып отыр.

— Азамат Саяновтың ерлігі – нағыз батырлық. Егер ол болмағанда, ұлым мен оның досы тірі қалмас еді. Мен шексіз алғыс айтамын, — деді құтқарылған баланың әкесі Қанат Нұрсейтов.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев:
— Қызметкерлеріміздің батылдығы мен жоғары кәсібилігі – олардың басты құндылығы. Бұл – Отанға деген адалдықтың айқын көрінісі, – деп атап өтті.

Мұндай ерлік – олар үшін жай қызмет емес, өмір салты. Олар әркез көмекке дайын, әрі бұл жауапты миссияны үлкен абырой санайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру