Қызметіне адал ҚАЖД қызметкерінің бір күні
Қызметіне адалдық пен тәртіпке жауапкершілік – бұл Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде кезекші бөлімде қызмет атқарып жүрген Еркін Шәкірбекұлы Қожахметовтің өмірлік ұстанымы. Үлгілі қызметкер туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Еңбек жолын 2006 жылы небәрі 19 жасында бақылаушы болып бастаған Еркін Шәкірбекұлы бүгінде кәсіби тәжірибесі мол, өз ісіне берілген маман. Ол осы уақыт ішінде режим бөлімінің қызметкері, жасақ бастығы секілді жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, бүгінде мекеме қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кезекші бөлімде қызмет етеді.
Күнделікті міндеті – мекеме аумағын күзету, сотталғандардың тәртібін бақылау, заңбұзушылықтардың алдын алу және қызметкерлерге нақты нұсқаулар беру. Бұл – қырағылық пен шапшаң әрекет етуді талап ететін жұмыс.
Жиырма жылға жуық адал қызметінің нәтижесінде Еркін Шәкірбекұлы ҚАЖ комитеті мен департаменті басшылығы тарапынан бірнеше мәрте марапатқа ие болған. Ол – үш ұлдың әкесі, отбасы мен қызметте де жауапкершілікті жоғары қоя білетін жан.
– Балаларым менің жолымды таңдаса екен деймін. Тек қандай жолды таңдаса да, адалдық пен әділдікті ту етсе болғаны, – дейді ол.
Антына адал Еркін Қожахметов – ҚАЖ саласында мінсіз қызметімен ерекшеленген, жастарға үлгі боларлық тұлға.