Павлодарда полицейлер халыққа мобильді құжаттандыру қызметін ұсынады
Павлодарда полицейлер халыққа мобильді құжаттандыру қызметін ұсынады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі халыққа ыңғайлы жағдай жасау мақсатында жеке басты куәландыратын құжаттарды үйге барып ресімдеу жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл бастама – ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен өздігінен жүріп-тұруы шектеулі жандар үшін үлкен көмек.
ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының айтуынша, мобильді қызмет қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ ХҚКО-ға баруға денсаулық жағдайы кедергі келтіретін тұрғындарға арналған.
Қызметті пайдалану үшін:
- 1414 нөміріне қоңырау шалып, өтініш беру;
- Жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері мен үйге шығу қажеттігін растайтын құжаттарды ұсыну қажет;
- Егер бұл азаматтың алғашқы құжаты болса — туу туралы куәлік;
- Жарамсыз немесе ауыстыруға жататын құжат (жеке куәлік/төлқұжат);
- Мүгедектік туралы құжат (мысалы, МӘС қорытындысы);
- Мемлекеттік баж салығын төлеу түбіртегі немесе жеңілдікке сәйкес салықтан босатылғанын дәлелдейтін құжат ұсынылады.
Мемлекеттік баж мөлшері:
- жеке куәлік үшін — 0,2 АЕК (786,40 теңге),
- төлқұжат үшін — 8 АЕК (31 456 теңге).
Құжат дайын болған соң, ол заңмен белгіленген мерзімде тікелей өтініш берушінің мекенжайына жеткізіледі. Бұл – азаматтарға қолжетімділікті арттыру мен мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.