Қызметіне адал патрульдік полицейдің бір күні
Қызметіне адал патрульдік полицейдің бір күні туралы Polisia.kz сайты баяндайды.
Патрульдік полиция — құқық қорғау саласының алдыңғы шебінде жүретін қызмет. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, төтенше жағдайларға жедел ден қою – барлығы осы бөлімшенің иығына жүктелген.
Полиция капитаны Даурен Камзин 2015 жылы Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының инспекторы ретінде қызмет жолын бастады. Бүгінде ол – сол батальонда аға инспектор лауазымында еңбек етіп келеді. Даурен – сөзіне адал, ісіне берік, қарапайым полицей. Оның басты ұстанымы – тәртіп пен жауапкершілік.
Патрульдік полиция қызметі – жауапты да күрделі міндет. Бұл – бекітілген аумақта тәулігіне 12 сағаттық үздіксіз кезекшілік. Егер қызмет күндізгі уақытқа түссе, таңғы 6:30-да батальонға келіп, қару-жарақ пен арнайы құралдарды алып, саптық байқауға қатысу қажет. Мұнда бөлімше командирі қызметкерлердің киім үлгісін тексеріп, нұсқаулық береді, ал кезекші сол күнгі бағыт-бағдармен таныстырады. Сағат 7:20-да патрульдік көлік өз аумағына аттанып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге кіріседі.
Полицейлер қаланың көшелері мен аулаларын аралап, тұрғындардың қоғамдық орында ішімдік ішуіне, темекі шегуіне, қоқыс тастауына, түнгі мезгілде шулауларына жол бермейді. Радиобайланыс арқылы кез келген уақытта төтенше шақырту түсуі мүмкін – төбелес, отбасылық жанжал, ұрлық дерегі. Сондықтан әрбір патруль иелігіндегі аумақты, тұрғын үйлерді, дүкендер мен дәмханаларды бес саусақтай білуі тиіс. Сонда ғана кез келген құқық бұзушылыққа дер кезінде әрекет ете алады.
– Әсіресе түнгі мезгілде және демалыс күндері шақыртулар жиілейді. Қоғамдық орында масаң күйде жүру, жанұя ішіндегі жанжал, төбелес, бұзақылық, ұрлық – мұның бәрі Жедел басқару орталығы арқылы бізге бағытталады. Кейде физикалық күш пен арнайы құралдарды қолдануға тура келеді. Бастысы – құқық бұзушыны дер кезінде тоқтату, – дейді Даурен Камзин.
Сонымен қатар патрульдік полиция қызметінің бір бағыты – жол қозғалысының қауіпсіздігін қадағалау. Жүргізушілер арасында қауіпсіздік белдігін тақпау, телефонмен сөйлесу, бағдаршамның қызыл жарығына өту, қарсы жолаққа шығу, мас күйінде көлік жүргізу сияқты өрескел заң бұзушылықтар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда автокөлік тоқтатылып, құжаттар тексеріледі, әкімшілік хаттама толтырылады. Қажет болса, жүргізуші медициналық тексеруден өтіп, көлік айыптұраққа жеткізіледі.
– Әр автопатруль – бұл біртұтас команда. Оның кәсіби дайындығы мен жедел әрекет етуі – қала тұрғындарының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Полицей тек құқық бұзушыны тоқтатып қана қоймай, ешкім – не жәбірленуші, не күдікті – зардап шекпес үшін әрекет етуі тиіс. Қоғамдық тәртіп – күн сайынғы тынымсыз еңбектің нәтижесі, – дейді аға инспектор.
Азаматтардың тыныштығы – баға жетпес байлық. Ал оны сақтау – күн-түн демей, мызғымас тәртіп пен қажырлы еңбекпен келетін жетістік. Біз құқық қорғау саласы қызметкерлеріне сәттілік пен толағай табыс тілейміз!