Павлодарда "Тұрмыс" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында азаматтармен тренинг өткізілді
Павлодарда "Тұрмыс" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында азаматтармен тренинг өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Тұрмыс" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Павлодар қалалық полиция басқармасының әкімшілік қамауға алынған азаматтарға арналған арнайы қабылдау орнында тәрбиелік бағыттағы тренинг ұйымдастырылды. Шараға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің мамандары мен "Үміт үзбеу" қоғамдық қорының өкілі қатысты.
Тренингтің негізгі мақсаты – отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың туындау себептерін анықтау, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы жеке профилактикалық ықпал ету болды.
Мамандар қатысушылармен ашық сұхбат құрып, отбасылық қарым-қатынастағы дау-жанжалдардың зардаптары, оларды болдырмау жолдары мен заң алдындағы жауапкершілік туралы жан-жақты түсініктеме берді.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды отбасылық зорлық-зомбылыққа бей-жай қарамауға шақырады. Егер сіз осындай құқықбұзушылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, 102 нөміріне хабарласыңыз немесе 39-81-14 сенім телефонына қоңырау шалыңыз. Сонымен қатар, @7_police_pvl Instagram парақшасына жеке хабарлама жіберуге болады.