Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда жол қауіпсіздігі мәселесі талқыланды

Павлодарда жол қауіпсіздігі мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған брифинг өтті. Жиын барысында өңірдегі жол-көлік оқиғаларының жай-күйі мен оны болдырмау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты баяндалды.

– Жыл басынан бері облыс аумағында 384 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 529 адам түрлі деңгейде жарақат алды. Олардың қатарында 99 кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Өкінішке қарай, 25 азамат жол апатынан қаза тапты. Мотокөлік қатысқан 19 жол апаты орын алып, бір адам көз жұмды, 16 азамат жарақат алды, – деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев.

Спикердің айтуынша, жол апаттарының артуына байланысты өңірдегі 585 жол учаскесіне талдау жасалып, тексеру жұмыстары жүргізілген. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті мекемелерге нұсқамалар беріліп, 103 лауазымды және заңды тұлға жауапқа тартылып, жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған.

Жылдамдықты асыру деректерінің алдын алу мақсатында облыс аумағында күн сайын 10 "Кибер-Шериф" мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді. Олардың төртеуі республикалық және халықаралық маңыздағы жолдарда орналасқан. Сонымен қатар барлық ЕРАП планшеттерімен біріктірілген "Оракул-С" жүйесіне "Қорғау" бағдарламасы енгізіліп, бүгінде 10 аппараттық кешенде қолданыста тұр.

Бұдан бөлек, Павлодар – Астана, Павлодар – Абай облысы және Павлодар – Ресей шекарасы» бағыттарындағы республикалық маңызға ие жолдарда орнатылған "Зерек" жүйесі арқылы 3408 құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілген.

– Биыл облыстық цифрлық технологиялар басқармасы "Қауіпсіз қала" жобасы аясында Павлодар және Ақсу қалаларындағы 150 жол қиылысына, республикалық деңгейдегі аса қауіпті 20 учаскеге және 250 сызықтық жол бөлігіне аппараттық-бағдарламалық кешен орнатуды жоспарлап отыр, – деді Азамат Күркебаев.

Брифинг соңында құқық қорғау органы өкілі жол ережесін қатаң сақтау – тек заң талабы емес, адам өміріне деген құрметтің көрінісі екенін атап өтті:

– Жылдамдықты асырмаңыздар, көлік тізгінін мас күйде басқармаңыздар, қауіпсіз қашықтықты сақтаңыздар. Бір сәттік қателік орны толмас қайғыға соқтыруы мүмкін. Тәртіп пен заңға құрмет – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс, – деді тәртіп сақшысы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру