Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада пробация есебіндегі үш азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант иеленді

Қызылордада пробация есебіндегі үш азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант иеленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған үш азамат кәсіпкерлік бағытындағы "Бастау Бизнес" жобасы аясында оқып, өз бизнес-жобаларын сәтті қорғап, мемлекет тарапынан жалпы сомасы 1 млн 572 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленді.

Аталған азаматтар "Атамекен" кәсіпкерлік палатасында оқытылып, мал шаруашылығы, бетон бұйымдарын өндіру және шұжық өнімдерін шығару бағыттары бойынша бизнес-жоспарларын әзірледі. Жобалары арнайы комиссия алдында мақұлданып, тиісті сертификаттар табысталды.

Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы Фариза Сембаеваның айтуынша, есептегі сотталған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде өз кәсібін ашуға ниеттілердің қатары артып отыр.

- Пробация есебіндегі азаматтардың жеке кәсіп ашуы – олардың өмірге деген көзқарастарын өзгертіп, қоғамға бейімделуіне сеп болады, – дейді Фариза Сембаева.

Грант иегерлерінің бірі өз пікірінде былай деп бөлісті:

- Бизнес жобам қолдау тауып, мемлекеттен қайтарымсыз грант алғаныма қуаныштымын. Алда өз шұжық өнімдерін шығаратын шағын цех ашып, халыққа сапалы өнім ұсынуды жоспарлап отырмын. Кәсіпкерлікке қадам басуыма мүмкіндік берген жергілікті билік пен пробация қызметіне алғысым шексіз, - деді грант иегері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру