Қостанайда полиция мен қоғамдық ұйым өкілдері табиғат тазалығы үшін бірікті
Қостанайда полиция мен қоғамдық ұйым өкілдері табиғат тазалығы үшін бірікті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусым мен 30 маусым аралығында республика аумағында "Заң мен тәртіп" республикалық акциясы өтуде. Осы ауқымды іс-шара аясында Қостанайда арнайы экологиялық бастама жүзеге асырылуда. "Аңшы мен балықшы – таза табиғат үшін" атты науқан қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған. Іс-шара Қазақстан полициясы күніне орай ұйымдастырылды.
Акцияның мақсаты — табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, аңшылық және балық аулау аймақтарындағы тазалық мәселелеріне қоғам назарын аудару, сондай-ақ табиғи байлықтарды сақтау жөніндегі азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Іс-шара аясында Қостанай облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік органдармен, аңшылармен, аңшылық шаруашылықтарымен, аңшылық ұйымдардың қоғамдық бірлестіктерімен және қару айналымымен айналысатын құрылымдармен бірлесе отырып, Тобыл өзенінің жағасында сенбілік ұйымдастырды. Қатысушылар тұрмыстық қалдықтарды жинап, өзен жағалауын тазалады. Сонымен қатар, тұрғындармен кездесулер өткізіліп, табиғат аясындағы тәртіп пен экологиялық жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
— 2025 жыл Ішкі істер министрлігі жүйесінде "Профилактика жылы" деп жарияланды. Біз құқық бұзушылықпен күресіп қана қоймай, азаматтардың заңға, қоғамдық тәртіпке және табиғатқа деген құрметін арттыруды көздейміз. Табиғаттың тазалығы — қауіпсіз өмірдің бір кепілі. Мұндай шараларға белсене қатысып жатқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Бұл бастама дәстүрге айналып, табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын жандарды біріктіреді деп сенеміз, — деді Қостанай облысы ПД табиғатты қорғау полициясы бөлімінің бастығы Ғазретғали Әлімғазин.
Қостанай облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының аға аңтанушысы Денис Коровин де акцияға қатысып, табиғатты таза ұстау — әрбір азаматтың борышы екенін атап өтті:
— Біз балық аулап, демаламыз, бірақ табиғатты ластамауға тиіспіз. Егер әр адам өзінен кейінгі қоқысты жинап кетсе, табиғат та бізге жақсылықпен жауап береді. Барлық балықшылар мен аңшыларды табиғатты аялауға, тазалық сақтауға шақырамын, — деді ол.
Полиция қызметкерлері барлық аңшыларды, балықшыларды және табиғатқа бейжай қарамайтын тұрғындарды осындай бастамаларға белсенді қатысуға шақырады. Табиғатты қорғау — бұл тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.