Шымкентте киберполицейлер жас интернет пайдаланушыларға профилактикалық сабақ өткізді
Шымкентте киберполицейлер жас интернет пайдаланушыларға профилактикалық сабақ өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаржылық қауіпсіздік күні аясында қалалық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жазғы лагерьде балаларға қаржылық қауіпсіздік бойынша профилактикалық сабақ ұйымдастырды.
Полицейлер балаларға интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы айтып, алаяқтықтың кең таралған түрлеріне тоқталды. Әсіресе, онлайн-ойындарда туындауы мүмкін қауіптерге ерекше назар аударылды. Мамандар балаларға банк картасының нөмірі, құпия сөздер мен растау кодтары сияқты жеке деректерді ешкімге бермеу керегі туралы түсіндірді.
Кездесу барысында киберполиция қызметкерлері балаларға жеке ақпаратты қорғау жолдарын, интернеттегі қауіпті белгілерді қалай тануға болатынын жеткізді. Айта кетейік, мұндай іс-шаралар балалардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және қаржылық қауіпсіздік туралы түсінігін кеңейтуге ықпал етеді.