ШҚО-да балалар киберқауіпсіздік негіздерін меңгерді
25 маусым — Қаржылық қауіпсіздік күні аясында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері "Үміт" және "Детская деревня – SOS" лагерлерінде демалып жатқан балаларға арналған интерактивті "Киберпатруль" атты оқыту ойынын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында қатысушылар цифрлық технологиялар әлеміне еніп, интернет-алаяқтықтан қорғанудың, жеке деректерді қорғаудың және қаржылық тұзақтарға түспеудің негізгі қағидаларымен танысты. Шынайы өмірден алынған жағдайларға құрылған ойын командалық сайыс форматында өтіп, балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Ойын қорытындысында ең белсенді, тапқыр әрі зейінді балалар грамоталармен марапатталып, қазіргі цифрлық әлемде қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарайтындығын білдіретін "Жас киберпатрульші" құрметті атағына ие болды.
Мұндай кездесулер балаларға өздерін тек күнделікті өмірде ғана емес, онлайн-кеңістікте де нағыз қорғаушы сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, полицей – бұл қатаң тәртіп сақшысы ғана емес, әрдайым қолдау көрсетіп, үйретуге дайын жанашыр маман екенін дәлелдейді.