"Мен есірткіге қарсымын": Таразда ерекше сурет байқауы өтті
Тараз қаласындағы №3 орта мектеп-лицейінде ерекше сурет байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында оқушылар қылқалам мен түсті бояулардың көмегімен өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді.
"Мен есірткіге қарсымын" деген іс-шараның басты тақырыбы ондаған жұмыстардың негізгі идеясына айналды, қылқаламның көмегімен түрлі түстер, көркем бейнелер мен ерекше эмоциялар көкейдегі сезімді білдіріп, қоғамға да ой салды.
Жас суретшілер өз туындыларында болашаққа деген алаңдаушылықты, есірткіден үзілді-кесілді бас тартуды және есірткіге тәуелділіксіз бақытты, жарқын әлем туралы арман- сырларын сурет тілімен бере білді. Іс- шараны Жамбыл облысының ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Тараз қаласының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
⁃ Шығармашылық әлеует маңызды әлеуметтік мәселелерді нақты жеткізуге мүмкіндік береді. Шығармашылық арқылы алдын алу жұмыстарын жүргізу- жасөспірімдерді күрделі тақырып туралы әңгімеге тартудың ең пәрменді тәсілдерінің бірі, - деп атап көрсетті ПД ЕҚҚІБ бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.
Үздік жұмыс авторлары грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.