СҚО полицейлері жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін талқылады
СҚО полицейлері жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментіндегі автобус парктерінің басшыларымен жұмыс кездесуінің тақырыбы болды, оған СҚО ПД бастығының орынбасары Құрманғали Ысмағұлов және СҚО прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Али Саттар қатысты. Сондай-ақ мүдделі ұйымдардың өкілдері де кездесуде болды.
Полицейлер облыстағы ЖКО-ның 89,6%-ға жуығы жүргізушілердің кінәсінен жасалатынын хабарлады. Жолаушылар тасымалы "Автобус", "Қауіпсіз жол", "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шаралары шеңберінде тәртіп сақшыларының ерекше назарында болады. Автобустардың техникалық жағдайы, жүргізушінің еңбек және демалыс режимінің сақтауы тексеріледі. Аға әділет кеңесшісі Саттар жүргізушілердің рейс алдындағы міндетті түрде медициналық тексеруден өтуіне ерекше назар аударды.
Кездесу азаматтардың қауіпсіздігін арттыру үшін бүкіл қоғамның күш-жігерін шоғырландыруды талап ететін "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде өткізілді.
- Көптеген адамның өмірі сіздің ұқыптылығыңызға, жауапкершілігіңізге, кәсібилігіңізге байланысты, — деді Ысмағұлов.
Ол сондай-ақ облыстық ПД басшылығы аудандық полиция бөлімдеріне жергілікті тасымалдаушылармен қоғамдық көлік қауіпсіздігі мәселелерін пысықтауды тапсырғанын атап өтті.