Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды

Қызылордада ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ғұмырын ішкі істер органдарына арнап, абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагерлерге деген құрмет қашан да ерекше. Осы ретте полиция күніне орай ішкі істер органдарында қызмет еткен ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Бүгінгі шара барысында иықтарына погон тағып, құқық қорғау қызметінің ыстығына күйіп, суығына тоңған беделді ардагерлер қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориалдық стелаға гүл шоқтарын қойды. Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін жиналғандар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шара құттықтау әрі марапаттау рәсіміне ұласты. Еркін форматта өткен кездесуде ардагерлер еңбек атқарған жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, өздерінің ұсыныс-пікірлерін де білдірді.
Мерекелік шарада талай жыл құқық қорғау саласында адал еңбек еткен қарт полицейлерге алғыс хаттар табысталып, құрмет көрсетілді. Іс-шараның қадірменді ардагерлері қатысушыларға өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

Салтанатты шара полиция қызметкерлерінің күшімен дайындалған мерекелік концертке ұласты.
Полицейлер Ардагерлер кеңесінің мүшелеріне әрдайым қамқорлық танытып, қандай да бір туындаған мәселелерін шешіп беруде белсенді жұмыстар атқаруда. Бұған қоса ардагерлер еңбек жолын енді бастаған жас қызметкерлермен жиі кездесіп, ақыл-кеңестерін айтып, өз тәжірибелерімен бөлісуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру