ЖҚАЖ қызметкері дзю-дзюцудан әлем чемпионы атанды
Алматы облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Жанар Дегенбай комбат дзю-дзюцу бойынша 2025 жылғы әлем кубогында тамаша жеңіске жетіп, 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірден үш нұсқа бойынша – Close contact, Full contact, Grand – әлем чемпионы атағын жеңіп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26-30 маусым аралығында Қарасай ауданындағы "Nur-Aman" спорт кешенінде өткен халықаралық турнирге 12 елден 250-ден астам үздік спортшы жиналды.
Кілемде ең мықтылар бақ сынасты, алайда қазақстандық погонды спортшы жоғары деңгейдегі дайындықты, техниканы және жауынгерлік рухты паш етті. Барлық жекпе-жекте сенімді түрде жеңіске жеткен Жанар бұл табыстарының артында кәсіби спортпен қатар, Отан алдындағы адал қызмет тұрғанын дәлелдеді.
Жанар Дегенбай – ММА, джиу-джитсу және қол күресі бойынша спорт шебері. Ол – Азияның бірнеше дүркін чемпионы, әлем кубогының жеңімпазы, сондай-ақ ММА бойынша әлем чемпионатының қола жүлдегері. Бұл марапаттардың әрқайсысы – орасан зор еңбектің, темірдей тәртіп пен мызғымас жігердің жемісі.
Қызметтік жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, ол спорттық шыңдарды бағындыруын жалғастырып келеді. Өз әріптестеріне үлгі бола отырып, полиция қызметінің абыройын арттырып, заманауи, батыл әрі отаншыл әйел бейнесін қалыптастырып жүр.
Жанардың жеңісі – бұл тек жеке жетістік қана емес, Қазақстан полициясының және Алматы облысының мақтанышы. Оның өмір жолы – нағыз төзімділіктің, жанкешті еңбектің және рухтың көрінісі.