ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері жарты жыл ішінде 10 мыңға жуық құқық бұзушыны ұстады
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері жарты жыл ішінде 10 мыңға жуық құқық бұзушыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың алғашқы алты айында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілерінің қатысуымен заңсыз айналымнан 173 суық және атыс қаруы, оқ-дәрі тәркіленді. Сонымен қатар 828 грамм есірткі заты табылды.
Ұлттық ұлан сарбаздарының көмегімен 73 із-түссіз жоғалған бала табылып, отбасыларына табысталды. Сондай-ақ ұландықтардың қатысуымен 24 өртті сөндіру және адамдарды құтқару оқиғасы тіркелді. Әскери қызметшілер 54 жоғалған зат пен 113 телефонды иелеріне қайтарып берді.
Қызмет атқару барысында сарбаздар жүрек талмасы, демікпе ұстамасы, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге, өзіне қол салуға әрекеттенген және суға батқан азаматтарға дер кезінде көмек көрсетті. Жалпы, алты ай ішінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілері 32 адамға алғашқы медициналық жәрдем көрсетті.
Жыл басынан бері тыйым салынған заттарды қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына өткізуге қатысты 77 әрекеттің жолы кесіліп, осыған байланысты 55 адам ұсталды.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзған 9 919 азамат ішкі істер органдарына жеткізілді. Олардың ішінде 379 адам - қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.
Ұландықтар 343 мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті, бұдан бөлек 35 іздестіру жұмысына қатысты.
Жалпы, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуде батылдық пен жанқиярлық танытқан 190 әскери қызметші түрлі марапаттарға ие болды.
Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы полициямен бірлесіп еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Бұл міндетті орындауға күн сайын 8 мыңнан астам ұландық атсалысады.