QR-коды бар туристік карта — қауіпсіз саяхат кепілі
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары алқасының кеңейтілген отырысында туризм саласын дамыту мен шетелдік қонақтар үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Осы бағытта қолға алынған бастамалардың бірі – ел аумағына кірген әрбір шетелдік туристке арнайы QR-коды бар туристік карта беру, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұндай карталар шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еліміздің туристік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі. Қазіргі таңда шетелдік қонақтардың жайлылығы үшін safetravel.kz мобильді платформасы іске қосылды.
Сонымен қатар туристік карталар Астана мен Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайларда, сондай-ақ Түркістан облысындағы “Қапланбек” шекаралық бақылау бекетінде таратылып жатыр. Бұл бастама алғашқы кезеңнің өзінде оң нәтижесін көрсетуде.
Туристік картадағы QR-код арқылы көптілді ақпараттық порталға өтуге болады. Онда мынадай маңызды мәліметтер ұсынылған:
- Полициямен жедел байланыс орнатуға арналған “102” мобильді қосымшасын жүктеу бойынша кеңестер (соның ішінде төтенше жағдайлар кезінде "SOS" батырмасы арқылы көмекке шақыру мүмкіндігі);
- Шетелдіктердің тіркеу тәртібі мен көші-қон ережелеріне қатысты жадынама;
- Жол ақысының орташа бағасы көрсетілген такси сервистері мен қосымшалар тізімі;
- Ұялы байланыс операторлары мен SIM-карталардың орташа құны жөніндегі ақпарат.
Бұл бастама Қазақстанға келген әрбір туристің өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне мүмкіндік береді.