Шығыс Қазақстан облысында үздік полиция қызметкерлері марапатталды
ШҚО полиция департаментінің алаңында департамент бастығы Ерлан Омарбековтың жетекшілігімен гарнизондық жиын өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстың бас полицейі қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша негізгі міндеттерді атап өтіп, қызметтік тәртіпті қатаң сақтау мен халықпен дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараның салтанатты бөлімінде кәсіби біліктілігі мен қызмет барысында жақсы нәтиже көрсеткен үздік қызметкерлер марапатталды. 17 шілде күні Үлбі өзенінде ағыспен кетіп бара жатқан әйел мен баланы құтқарып қалған патрульдік полиция батальонының рота командирі Мадияр Мұхаметжанов пен Үлбі бөлімінің жедел криминалдық полициясы басшысының орынбасары Сұңғат Сейілжанов алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.
Сонымен қатар адал қызметі мен үздік нәтижелері үшін полиция подполковнигі Мақсат Мәдиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алғыс хатымен марапатталды.
Мұндай үлгілі істер – полиция қызметкерлерінің азаматтардың қауіпсіздігі үшін жан аямай еңбек етуге әрдайым дайын екенінің айқын дәлелі.