Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі – басты назарда

Астанада “Демалыс” жедел алдын алу іс-шарасы өтуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл шараның басты мақсаты – жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың, жазатайым оқиғалардың алдын алу, сондай-ақ ата-ананың бақылауынсыз жүрген балалармен профилактикалық жұмыс жүргізу.

Аталған іс-шара аясында Астана қаласы полиция департаменті Сарыарқа ауданы ПБ ювеналдық полиция қызметкерлері тұрғын үй аулаларында балалармен кездесулер ұйымдастырды.

Атап айтқанда, Абай көшесі, 1 мекенжайында орналасқан аулада жасөспірімдерге “Жол қауіпсіздігі” және “Жазғы уақыттағы қауіпсіздік ережелері” тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Балаларға жаяу жүргінші жолын дұрыс пайдалану, жол белгілерін тану, көлік қозғалысы кезінде абай болу, велосипед және самокатпен жүрудің қауіпсіз тәсілдері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар су айдындарында, ойын алаңдарында және қараусыз құрылыс нысандарында қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидалары айтылды.

Сондай-ақ аулада өткен профилактикалық кездесуде кәмелетке толмағандарға “Құнды затқа абай болу”, “Бөгде адамдармен қарым-қатынас кезіндегі сақтық”, сондай-ақ жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелері тақырыбында ақпарат берілді. Жасөспірімдерге жеке заттарын қоғамдық орындарда ұқыпты сақтау, бөтен адамдармен әңгімеге түспеу, түнгі уақытта жалғыз көшеге шықпау туралы кеңестер берілді.

Тәртіп сақшылары әрбір кездесуде балаларға күнделікті өмірде кездесетін түрлі қауіптерді болдырмау жолдарын нақты мысалдармен түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап берді. Ата-аналарға да профилактикалық жадынамалар таратылып, бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктері ескертілді.

Полиция ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балаларына ерекше назар аударуға шақырады. Баланың бос уақыты дұрыс ұйымдастырылған жағдайда ғана оны жағымсыз жағдайлардан, құқық бұзушылықтар ментүрлі оқыс оқиғалардан сақтау мүмкін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру