Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түнгі қаладағы балалар: елордалық журналист полицейлермен бірге рейдке шықты

Не себепті жасөспірімдер түнде көшеде жүреді? Оларды ересектерсіз компьютерлік клубтар мен кинотеатрларға кім кіргізеді? Ең бастысы — сол уақытта олардың ата-аналары қайда болады? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Polisia.kz сайтының тілшісі полиция қызметкерлерімен бірге түнгі рейдке шықты.

Елімізде "Түнгі қаладағы балалар" республикалық жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр. Бұл шараның басты мақсаты – кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүруіне жол бермеу.

Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүруі — бүгінде қоғамда өзекті мәселелердің бірі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ювеналды полиция бөлімшелерімен бірге тұрақты түрде профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып отырады. Осындай түнгі рейдке журналист Ұлжан Омарова да шығып, полиция қызметкерлерімен бірге Астананың Алматы ауданына қарасты көшелерін аралап шықты. Басты нысаналар – компьютерлік клубтар мен кинорумдарға бас сұғып, жасөспірімдердің түнгі өмірін бақылады. Рейд аясында полиция қызметкерлері барша жасты, ата-аналарды "Заң мен тәртіпті" қатаң сақтауға шақырды.

Түнгі іс-шара барысында Астана қаласы Алматы ауданының ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы Ақдидар Шаримбековамен тілдесудің сәті түсті. Ол балаларды түнгі уақытта көшеде жалғыз қалдырмау қажеттігін, ата-ананың жауапкершілігін, сондай-ақ мұндай рейдтердің қандай нәтиже беріп жатқанын айтып берді.

“Түнгі қаладағы балалар атты” іс шараның басты мақсаты неде?

– Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз көшеде жүруінің алдын алу. Қазіргі таңда технологияның қарқынды дамуы, ата-аналардың жұмысбастылығы, сондай-ақ бақылаудың азаюы салдарынан балалар өз бетімен қалып, түрлі қауіп-қатерге тап болып жатқанын жасыра алмаймыз. Осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алу, қылмысқа бейім жағдайлардың туындауына жол бермеу – басты міндеттердің бірі. Бұл рейдке шығудағы басты мақсат – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыс деңгейін төмендету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағытта жергілікті полиция қызметкерлері, білім беру ұйымдары мен басқа да мүдделі құрылымдардың қатысуымен жүйелі түрде тексерулер мен профилактикалық рейдтер өткізіліп тұрады. Мұндай іс-шаралар балалардың түнгі уақытта қауіпсіздігін сақтау үшін аса маңызды, – дейді полиция қызметкері.

Алматы ауданында мұндай іс-шаралар жылына қанша рет өткізіледі?

– Алматы ауданында мұндай профилактикалық рейдтер жылына кемінде 6-7 рет ұйымдастырылады. Әдетте мұндай іс-шаралар екі айда бір рет тұрақты түрде өткізіліп отырады. Алайда қажеттілікке қарай олардың саны артуы мүмкін – кей жағдайларда бір айда бірнеше рет ұйымдастырылуы мүмкін. Бұл рейдтердің жиілігі ай сайынғы жұмыс нәтижелеріне байланысты анықталады. Егер жүргізілген жұмыстың қорытындысы қанағаттанарлықсыз деп танылса, онда жоспардан тыс жедел алдын алу іс-шараларын өткізу туралы арнайы бұйрық шығарылады. Сондықтан кейде мұндай рейдтің саны 12-15-ке жетуі мүмкін, – деді Ақдидар Шаримбекова.

Полицейлерді көргенде балалар қалай әрекет етеді? Қарсылық білдіре ме, агрессия бола ма, әлде қорқып, өкініш білдіре ме?

– Қазіргі жасөспірімдер өз құқықтарын жақсы біледі. Көбісі бірінші рет ұсталғанда тек ескерту берілетінін, ал қайталанған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын біледі. Сол себепті кейбіреулер екінші рет ұсталмауға тырысып, оқиға орнынан қашуға әрекет етеді. Эмоциялық тұрғыда жасөспірімдердің арасында әртүрлі реакциялар байқалады. Кейбірі наразылық танытып, көңілі толмайтынын білдіреді. Өкінішке қарай, кей жағдайларда полицейлерге дөрекі сөз айтып, балағаттауға дейін баратындары да кездеседі. Сонымен қатар ұсталған балалардың шамамен 80 пайызы өздерінің жеке мәліметтерін (аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы, ата-анасы туралы ақпарат) жасыруға тырысады, – деп атап өтті кейіпкеріміз.

Полиция қызметкерінің айтуынша, түнгі уақытта жасөспірімдер тарапынан жиі жасалатын құқық бұзушылықтардың қатарында ең алдымен төбелес пен ұрлық әрекеттері кездеседі. Әсіресе жаз мезгілінде велосипед пен самокат сияқты жеке көлік құралдарын ұрлау фактілері жиілейді.

Сондай-ақ кейбір жасөспірімдер көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарына шығып, жасырын түрде алкогольдік ішімдіктер ішіп, темекі шегетін жағдайлар анықталады. Тіпті синтетикалық заттарды иіскеп, өз денсаулығына қауіп төндіретін іс-әрекеттерге де барады.

– Қазіргі таңда иесіз, қараусыз қалған ғимараттар саны артқан. Дәл осы жерлерде жастар бейберекет жиналып, түрлі заңға қайшы әрекеттерге жол беруі әбден мүмкін. Мұндай жағдайлар олардың өміріне ғана емес, жалпы қоғамның қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді, – дейді тәртіп сақшысы.

 Қала көшелерін аралап жүріп, спикерден жасөспірімдердің көбінесе қандай жерлерде ұсталатынын сұрап білдік.

– Кәмелетке толмағандар көбіне қала көшелерінде, компьютерлік клубтарда, түнгі клубтарда жиі кездеседі. Негізінен, мұндай мекемелердің әкімшіліктері біздің тарапымыздан тексеріс жүргізілетінін біліп, түнгі уақытта келушілерден жеке куәліктерін талап етеді. Дегенмен, кейбір жасөспірімдер жалған жеке куәлікпен кіруге тырысады немесе өзге біреудің құжатын пайдаланады. Мұндай жағдайда біз мекеме әкімшілігіне ескерту жасап, келушінің жеке басын растау үшін ресми мобильді қосымшалар арқылы тексеру қажеттігін түсіндіреміз. Бұл – жасанды құжат қолданудың алдын алудың бір жолы, – деп атап өтті тәртіп сақшысы.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін сіздер ата-аналармен және мұғалімдермен бірлесіп қандай шаралар жүргізесіздер?

– Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағытта біз білім беру ұйымдарымен және ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Мектеп кезеңінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар оқу орындарында жүйелі түрде дәрістер мен түсіндіру сабақтарын өткізеді. Бұл шаралар балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, зиянды әдеттерден сақтандыруға және тәртіпке баулуға бағытталған. Алайда 2020 жылдан бастап мектеп инспекторы лауазымы қысқартылғанына байланысты бұл жұмыстарды қазіргі таңда ювеналды полиция қызметкерлері өз құзыреті аясында жүзеге асырады. Сонымен қатар ата-аналар жиналысына ювеналды полиция өкілдері міндетті түрде қатысады. Мұндай кездесулерде жасөспірімдердің мінез-құлқы, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық жауапкершілік туралы мәселелер кеңінен талқыланып, ата-аналарға нақты ұсыныстар мен кеңестер беріледі. Сондай-ақ түрлі профилактикалық іс-шаралар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, тренингтер мен акциялар ұйымдастырылып отырады. Басты мақсат – балалардың өміріне немқұрайлы қарамай, қоғам болып бірлесе әрекет ету, – деді ІІО қызметкері.

Егер бір жасөспірім бір жыл ішінде 2-3 мәрте ұсталса, қандай шаралар қолданылады?

– Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз қоғамдық орындарда жүруі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес қарастырылады. Егер жасөспірім алғаш рет ұсталса, оған ескерту жасалады. Алайда ол қандай да бір мекемеде (мысалы, компьютер клубында немесе ойын-сауық орнында) заңды өкілінсіз анықталса және бұл – бірінші құқық бұзушылық болса да, ата-анасына немесе заңды өкілі жауапқа тартылады. Екінші немесе үшінші рет қайталанған жағдайда, жауапкершілік қатаңдайды. Ал ата-анасы келіспесе немесе кінәсін мойындаудан бас тартса, іс материалдары сотқа жолданады. Бұл жағдайда шешімді сот қабылдайды. Мұндай шаралар ата-ананың жауапкершілігін арттыруға және жасөспірімдердің түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деп толықтырды полиция қызметкері.

Балаларын түнгі уақытта көшеге жіберетін ата-аналарға не айтқыңыз келеді?

– Мен өзім де төрт баланың анасымын, сондықтан әрбір ата-ананың баласына деген алаңдаушылығы мен махаббатын жақсы түсінемін. Бірақ қазіргі қоғамда балаларымыздың қауіпсіздігі — ең маңызды мәселенің бірі. Сол себепті мен барлық ата-анаға өз перзенттерінің тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, түнгі уақытта олардың көшеде жүруіне жол бермеуге кеңес беремін. Бүгінде көптеген келеңсіз жағдайлар мен қауіп-қатерлер жасөспірімдерді күтпеген жерден торуылдап тұрады. Баланың бос уақытын қадағалау, кіммен араласатынын білу, түнгі уақытта үйде болуын талап ету — бұл ата-аналық міндетіміз. Сонымен қатар мен ата-аналарға балаларына адалдық пен адамгершілікті үйретуді, шындықты айтуға және өзге адамның ақысына қол сұқпауға тәрбиелеуді сұраймын. Себебі кез келген үлкен тәрбие — отбасынан басталады. Баланың болашағы ата-ананың бүгінгі іс-әрекетіне тікелей байланысты, – деп атап өтті аға инспектор Ақдидар Шаримбекова.

Сонымен қатар айта кетейік, рейд барысында түнгі уақытта үйінен тыс жерде жүрген жасөспірімдер де, өзге де құқық бұзушылық фактілері анықталған жоқ. Бұл – Профилактика жылында атқарылып жатқан іс-шаралардың жүйелі түрде және нақты нәтижеге бағытталғанын дәлелдейді.

Түнгі рейд бір қарағанда жай тексеріс болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл — жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды жұмыс. Баланың тәрбиесі мен тәртібі — тек полиция мен мектептің емеең алдымен ата-ананың жауапкершілігі. Сондықтан әр отбасы өз перзентіне уақыт бөліп, бақылау мен қолдауды күшейткені жөн. Түнгі қалада қауіп көп, ал баланың амандығы бәрінен маңызды.

Жауап қалдыру