Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызметіне адалдық – өмірлік ұстанымы: аға анықтаушы Индира Қыдырмолданованың кәсіби жолы

Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында өз қызметіне адалдықпен қарап, антына берік, ел тыныштығын күзетуді өмірлік мұратына айналдырған азаматтар аз емес. Солардың қатарында Абай облысы полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы Индира Қыдырмолданова ерекше құрметке лайықты жан. Полиция қызметкері туралы Polisia.kz сайтынан толығырақ оқыңыздар. 

Индира Мұхтарқызы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2007 жылдың сәуір айында Өскемен қалалық полиция басқармасына қарасты Ульбин полиция бөлімінде тергеуші қызметінен бастаған. Қызметтің алғашқы күндерінен-ақ кәсіби шеберлігімен, жауапкершілігімен және тиянақтылығымен көзге түсті. Қылмыстық істерді тергеу барысында әділдік пен дәлдікке сүйеніп, өзінің кәсібилігін нақты әрекеттерімен дәлелдеді.

2010 жылдан бастап Семей қаласындағы орталық полиция бөлімінде аға тергеуші ретінде жұмысын жалғастырды. Мұнда ол күрделі, көпшілік назарын аударған істерді тергеп, өзінің тәжірибелі, сенімді маман екенін көрсетті. 2015 жылы Семей қалалық полиция басқармасына ауысып, аға тергеуші ретінде резонанстық істермен айналысты. Қысқа мерзім ішінде шешім қабылдай білу, терең талдау жасау, күрделі істің ұшына жету – Индира Мұхтарқызының кәсіби артықшылықтары ретінде бағаланды.

2023 жылдан бастап ол Абай облысы полиция департаментінде аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушы лауазымында қызмет атқарып келеді. Бұл – тергеу қызметінің жауапты да күрделі бағыты. Мұнда қаралатын істер – қоғамдық резонанс тудырған, құқықтық тұрғыдан үлкен маңызға ие жайттар. Индира Қыдырмолданова бұл міндетті де үлкен жауапкершілікпен атқарып, әріптестері мен басшылық тарапынан жоғары бағаланып келеді.

Оның өмір жолында отбасы мен Отан алдындағы адалдық басты құндылық ретінде қалыптасқан. Қызмет – оның тағдыр таңдауы ғана емес, тұтас отбасының таңдаған жолы. Жолдасы  Азамат Кыдырмолданов – Ішкі істер министрлігінің ардагері, ал екі ағасы – Болат пен Талғат Дюсуповтар да құқық қорғау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. Бүгінде олар құрметті демалыста. Осындай әулеттен шыққан Индира Мұхтарқызы үшін қызмет формасы – тек киім емес, абырой мен жауапкершіліктің символы.

Кәсіби міндетінен бөлек, ол – үлгілі отбасының иесі. Жолдасымен бірге үш ұл тәрбиелеп отырған көп балалы ана. Қызметтік жүктеме қанша ауыр болғанымен, отбасы мен қызмет арасындағы тепе-теңдікті шебер сақтап келеді. Балаларына адамгершілік, Отанға деген сүйіспеншілік пен тәртіптілік сияқты өмірлік құндылықтарды сіңіруге тырысады.

- Ішкі істер органдарындағы қызмет – бұл мен үшін жай ғана жұмыс емес, бұл – өмірлік таңдау, тағдыр жолы. Бұл – тәртіп, жауапкершілік және жан-тәніңмен берілу жолы. Жолдасым жиі айтып отырады: “Офицер болу – бұл жанның күйі.” Мен бұл сөзбен толық келісемін. Бұл қызмет – табандылыққа, адалдыққа және қандай жағдай болмасын адам болып қалуға үйретеді. Осы құндылықтарды мен өз жұмысымда да, жеке өмірімде де ұстануға тырысамын, – дейді Индира Мұхтарқызының өзі.

Индира Кыдырмолданова – бүгінгі қоғамға үлгі боларлық тұлға. Оның өмір жолы, кәсіби табандылығы мен адамгершілік ұстанымдары – жас мамандарға бағдар, ал жалпы жұртшылық үшін нағыз патриотизм мен адал қызметтің айқын үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру