Полиция қызметкерлері түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдерді анықтады
Полиция қызметкерлері түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдерді анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында 27 шілдеден бастап кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және оның жолын кесу мақсатында "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық шарасы өткізіліп жатыр.
Екі күн ішінде полицейлер тарапынан 150-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып, заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта көшеде жүрген 107 жасөспірім мен алкогольдік ішімдік ішкен 7 жас анықталды.
Тәртіп сақшылары профилактикалық жұмыс аясында полиция есебінде тұрған 61 кәмелетке толмағанды тұрғылықты жері бойынша тексеріп, олардың өмір сүру жағдайларымен танысты. Сонымен қатар ата-аналармен балаларды тәрбиелеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында ата-ана міндеттерін тиісінше орындамай жүрген 9 жасөспірім мен 11 ата-ана анықталып, арнайы есепке қойылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүру фактілері де тіркелді.
Мәселен, 2009 жылы туған жасөспірім заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз Малайсары батыр көшесінде орналасқан ойын-сауық мекемесінде болған. Ал Сәтпаев көшесіндегі аулалардың бірінде полицейлер мас күйде жүрген жасөспірімді анықтады.
Сондай-ақ облыс орталығындағы орталық жағалауда сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінсіз жүрген 9 жасөспірімнің әрекеті тіркеліп, ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оларға мұндай жағдайларға жол бермеу керектігі туралы ескерту жасалды.
— Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуын болдырмау, олардың өміріне төнетін қауіп-қатердің алдын алу және жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерге ұрынуының немесе олардың құрбанына айналу қаупін барынша азайту, — деп атап өтті полиция департаменті.