Павлодарда ит пен мысық серуендету ережесін бұзғандар анықталды
Павлодар облысының полицейлері елді мекендердегі иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету ережелерін түсіндіруге бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылдың алғашқы жеті айында үй жануарларын күтіп-бағу және серуендету талаптарын бұзғаны үшін 1092 үй жануарының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мысалы Павлодар қаласындағы аулалардың бірінде ит қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз еркін жүрген. Күтпеген жерден ол балаларға қарай жүгіріп, қорқыныш тудырған. Нәтижесінде иттің иесі серуендету ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
Полиция департаменті тұрғындарға үй жануарымен бірге сыртқа шыққанда, оның иесі жанындағы адамдардың, олардың мүлкінің, сондай-ақ үй жануарының өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті екенін еске салады. Қарғыбау мен тұмылдырықты пайдалану – иттің ешкімге зиян келтірмеуіне кепілдік береді, тіпті ол агрессивті болса да.
Сонымен қатар ведомство жеке тұрғын үй иелеріне арнап ескерту жасады: қолданыстағы ережелерге сәйкес, иттер ауланың шекарасынан шықпайтындай жағдайда, яғни қашып кету қаупі болмауы үшін, тек қоршалған аумақта ұсталуы тиіс. Аула кіреберісінде "Ит бар" деген арнайы ескерту белгісі орнатылуы қажет.