Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында көлік рейдтері күшейтілді

Қостанай облысында заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілерді анықтау және олардың әрекетіне тосқауыл қою мақсатында бақылау шаралары жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кезекті рейдтік іс-шараны тәртіп сақшылары көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, Рудный қаласы мен Әулиекөл ауданы бағытындағы тас жолдарда өткізді.

Лицензиясыз жүзеге асырылатын қалааралық тасымалдар — тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар жолаушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін әрекет.

Мәселен, биылғы мамыр айында Әулиекөл ауданында орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан алты адам зардап шеккен болатын. Апат Volkswagen Golf пен заңсыз такси қызметін көрсетіп жүрген ВАЗ-2107 көліктерінің соқтығысуы нәтижесінде орын алды. Жарақат алғандардың арасында ВАЗ көлігінің екі жолаушысы да бар.

— Рейдтің басты мақсаты — жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысатын тұлғаларды анықтап, олардың қызметіне шектеу қою. Себебі олар өз әрекеттерімен өзгелердің өміріне қауіп төндіруде, — деп атап өтті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Олеся Бабич.

Рұқсатсыз кәсіпкерлікпен айналысу — заңмен тыйым салынған. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделген, қажет болған жағдайда іс сотқа дейін де барады.

Рейд барысында алты заң бұзушылық анықталды:

Үш жүргізуші — заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін жауапкершілікке тартылды;

Тағы үш жүргізуші — жолаушы тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін жазаланды.

Жыл басынан бері облыс аумағында осындай 200-ден астам жағдай тіркелген. Полиция тарапынан бақылау мен алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасады.

Жолаушылардың қауіпсіздігі — әрдайым бірінші орында.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру