Бір шаңырақтан – бір сапқа: Отан алдындағы борышын бірге өтеп жүрген ағайынды сарбаздар
Әр азамат үшін Отан алдындағы борышын өтеу – зор жауапкершілік әрі үлкен абырой. Бұл жолда ер жігіттің шынығып, тәртіпке баулынуы, батылдық пен төзімділікті бойына сіңіруі – заңдылық. Осындай қасиеттерді өмірлік ұстанымына айналдырған Рахим мен Нұржан Төлеуғазиндер бүгінде 5573 әскери бөлімінде қатар қызмет етіп, ел тыныштығын қорғауда. Олар туралы Polisia.kz баяндап береді.
Екі ағайындының бір шаңырақ астында ғана емес, бір сапта тұрып борыш өтеуі – сирек кездесетін әрі ерекше оқиға. Рахим 2002 жылы, ал інісі Нұржан 2006 жылы қазіргі Абай облысы, Семей қаласында дүниеге келген. Үйде төрт ағайындының екеуі – бала кезден бір-біріне тірек, қуанышты да, қиындығы мол сәттерді де бірге еңсерген бауырлар.
– Бала күнімізде жазғы демалыста ауылда әскери ойындар ұйымдастырып, сарбаз болып ойнайтынбыз. Сол арманымыз бүгін шындыққа айналды, – дейді Рахим.
Әскерге қатар шақырылулары – жай сәйкестік емес, ата-анасымен ақылдаса отырып қабылдаған ортақ шешім. "Бірге қызмет етсек, бір-бірімізге арқа сүйейміз" деген ой оларды әу бастан біріктірген.
5573 әскери бөліміне келген алғашқы күн екеуінің есінде мәңгі сақталған.
– Жаңа орта, қатаң тәртіп, мүлде бөлек өмір салты… Әрине, аздап қобалжу болды. Бірақ жанымызда туған бауырдың болғаны – үлкен демеу, – дейді Нұржан.
Бауырлар үшін бірге борыш өтеудің басты артықшылығы – сенім мен қолдау. Қиын сәттерде сөзбен де, іспен де демеу болу – олар үшін баға жетпес артықшылық. Әскери бөлімдегі сарбаздар олардың ағайынды екенін білгенде таңданыстарын жасыра алмаған.Рахим мен Нұржан үшін әскер – ер азаматтың нағыз мектебі. Мұнда олар сабырлылық пен төзімділікті, тәртіп пен жинақылықты меңгеріп жатыр.
– Бұрын ойланбай сөйлейтін, кейде асығыс шешім қабылдайтын едік. Енді әр қадамымызды ойланып жасаймыз, – дейді Нұржан.
Бүгінде бауырлар бір ротада, бір взводта қызмет етеді. Негізгі міндеттері – күзет қызметі мен қоғамдық тәртіпті сақтау. Күн тәртібінде саптық дайындық, қарумен жұмыс, физикалық жаттығулар және жауынгерлік машықты жетілдіру бар.
– Қауіпсіздік пен тәртіп – біздің басты назарымызда, – дейді Рахим.
Әскери өмірдің қиындығы – қатаң күн тәртібіне бейімделу және жауапкершілік жүгі. Ал қызығы – қаруластармен бірге әрекет етіп, жаңа тәжірибе жинау.
– Ұжым – екінші отбасы. Бір-бірімізге сеніммен қарап, әрдайым көмектесеміз, – дейді Нұржан.
Қатаң тәртіп пен бірлік – әскери қызметтің өзегі. Таңғы жаттығудан бастап, саптағы қимылға дейін – бәрі үйлесімділік пен ұйымшылдықты талап етеді. Үш мезгіл тамақтану мен демалыс уақыты да тәртіппен белгіленген.
Әскер қатарында Рахим мен Нұржан бойына жауапкершілік, батылдық, төзімділік және бастамашылдық қасиеттерін қалыптастырды. Бұл өмірлік сабақтар болашақта да жолдарын айқындайтыны сөзсіз.
Төлеуғазиндер – тек туған бауыр ғана емес, бір сапта тұрып, Отан үшін иық тірестіре қызмет етіп жүрген жауынгерлер. Олардың бірлігі мен ерлігі – жастарға үлгі, ал әскери өмір – нағыз ер азамат болуға апарар үлкен мектеп.