Елордада депутаттар мен полиция қызметкерлері есірткіге қарсы күресте күш біріктірді
Елордада депутаттар мен полиция қызметкерлері есірткіге қарсы күресте күш біріктірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының мәслихат депутаттары елордада нашақорлық пен лудоманияның алдын алу бағытында мемлекеттік органдар атқарып жатқан жұмыстармен танысты.
Бұл іс-шара Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен, "Заң және тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Депутаттар құқық қорғау және медициналық мекемелердің бірқатар нысандарын аралады. Маршрут үш негізгі пункттен тұрды.
Алғашқы аялдама – Қарағанды тас жолы бойындағы "Күйгенжар" бекеті. Мұнда тәртіп сақшылары көліктерді тексеру тәртібін көрсетіп, кинологиялық қызметтің жұмысымен таныстырды.
– Сапардың басты мақсаты – елордаға есірткі заттарының тасымалын тоқтату бағытындағы құқық қорғау органдарының қызметін көзімен көру, – деді ұйымдастырушылар.
Келесі аялдама – қалалық саябақтағы амфитеатр. Мұнда халық қалаулылары "Астана жастары" еріктілерімен бірге есірткі жарнамасы бейнеленген жазуларды бояп, жойды.
Сапардың соңғы нүктесі – психикалық денсаулық орталығы. Дәрігерлер орталықта нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстарды таныстырып, биологиялық сұйықтықтан психобелсенді заттарды анықтайтын заманауи жабдықтармен жабдықталған химия-токсикологиялық зертхананы көрсетті.