Атыраудағы туристік полиция қызметі
Атыраудағы туристік полиция қызметі шетелдіктерге safetravel.kz сайты туралы ақпарат берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау — Қазақстанның батысындағы Каспий жағалауындағы мұнай-газ өнеркәсібінің ірі орталығы әрі халықаралық маңызы бар қала. Географиялық орналасуы мен экономикалық әлеуетінің арқасында бұл өңірге шетелдіктер тек демалу үшін ғана емес, көбіне қызметтік іссапармен, іскерлік кездесулерге немесе ұзақ мерзімді жұмысқа келеді. Қонақтардың өңірге жасаған сапары қызықты әрі қауіпсіз өтуі үшін Атырау облысында туристік полиция қызмет атқарады.
Туристік полицияның басты мақсаты — қалаға келген шетелдіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қала бойынша бағыт-бағдар беру. Қызметкерлер бірнеше тілде сөйлей алады, сондықтан олар тек құқық қорғаушы ғана емес, сонымен қатар қалаңыздағы қауіпсіздік гиді бола алады.
Туристік полиция қызметкерлері шетелдік азаматтарға Қазақстан Республикасының қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, негізгі нысандарға жол сілтейді. Сонымен бірге олар safetravel.kz сайты туралы ақпарат беріп, бұл порталдың маңызды ақпараттар, төтенше жағдайдағы байланыс нөмірлері және саяхат қауіпсіздігі бойынша сенімді дереккөзі екенін көрсетеді.
Полицейлер туристер көп баратын орындарды патрульдейді, қоғамдық тәртіпті қадағалайды, қонақтарға қауіпсіздік бойынша кеңес береді және құжат жоғалту, көлік мәселесі немесе бағытты анықтау сияқты кез келген жағдайда көмекке келеді. Туристік полицияның басты мақсаты – Атырау облысына келген әрбір турист өздерін қауіпсіз әрі қалаулы қонақ сезінуі.