Петропавлда полиция айналма қиылыстан өту ережелерін түсіндірді
Петропавлда полиция айналма қиылыстан өту ережелерін түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz
Қаладағы әлеуметтік желілерде Егемен Қазақстан, Караванная және Қазақстан Конституциясы көшелерінің қиылысындағы айналма жолдағы қозғалысты ұйымдастыру мәселесі қызу талқыланды. Жүргізушілердің сұраныстарына жедел жауап ретінде әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері ресми түсініктеме берді.
Орнатылған схемаға сәйкес, бұл айналма қиылыста басты жол Караванная көшесінен басталып, сақина бойымен жалғасады. Жүргізушілер үшін қиындық тудыратын тұс – гараж кооперативтері мен өзге де өндірістік нысандар орналасқан аула аумағынан шығатын тұйық жол.
Полицияның түсіндіруінше, жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, ауладан шығатын жолдар қиылыс болып саналмайды. Демек, осы жерден шығатын жүргізушілер барлық жол қозғалысына қатысушыларға жол беруге міндетті. Қосымша ескерту үшін бұл жерге 2.4 "Жол беріңіз" белгісі орнатылған.
Облыстық полиция департаменті жүргізушілерді жолда мұқият болуға және ережелерді қатаң сақтауға шақырады. Бұл қауіпсіздік шараларының маңызы зор: жыл басынан бері өңірде 308 жол-көлік оқиғасы тіркелді.